Кембридж зерттеушілері фотосинтезді имитациялап, СО2-ні, күн сәулесі мен суды құнды химиялық отынға айналдыратын және күн энергиясымен жұмыс істейтін құрылғы жасап шығарды.
Ғалымдар біз күнделікті қолданатын мыңдаған тауарларды, соның ішінде пластмассалар мен косметиканы құрайтын негізгі химиялық заттарды өндірудің жаңа тұрақты әдісін тапты. Олар жарық сіңіретін органикалық полимерлерді бактериялық ферменттермен біріктіріп, күн сәулесін, суды және көмірқышқыл газын форматқа, яғни, басқа химиялық реакцияларды тудыруы мүмкін таза отынға айналдыратын гибридті жүйені әзірледі.
Ғалымдар жасаған «жартылай жасанды парақ (лист)» фотосинтезді – өсімдіктер күн энергиясын ұстап жинақтайтын табиғи процесті имитациялайды және толықтай сыртқы қуат көзінсіз жұмыс істейді. Тұрақсыз немесе улы материалдарға негізделген алдыңғы нұсқалардан айырмашылығы, бұл жаңа биогибридті модель қауіпсізірек, ұзақ қызмет етеді және өнімділікті төмендетуі мүмкін қосымша қоспаларды талап етпейді.
Тестілеу кезінде ғалымдар көмірқышқыл газын форматқа айналдыру үшін күн сәулесін сәтті пайдаланды, содан кейін бұл форматты маңызды фармацевтикалық қосылысты жасау үшін тікелей "домино" реакциялар тізбегінде қолданды, айтарлықтай өнімділік пен тазалыққа қол жеткізді.
Joule журналында жарияланған зерттеу нәтижелерінде органикалық жартылай өткізгіштер био-гибридті құрылғының осы типінде жарықты жинақтаушы компонент ретінде алғаш рет қолданылғаны көрсетілген, бұл тұрақты «жасанды парақтардың» жаңа тобына жол ашады.
Химия өнеркәсібі – әлемдік экономиканың негізгі салаларының бірі. Ол фармацевтикалық препараттар мен тыңайтқыштардан бастап пластик, бояулар, электроника, жуу құралдары және косметика өнімдеріне дейінгі тауарларды өндіреді.
Дереккөз: https://scitechdaily.com/scientists-create-an-artificial-leaf-that-turns-co%e2%82%82-into-useful-products/
Фото: Scitechdaily.com