Ғалымдар зағип жандарға қайта көруге мүмкіндік беретін, көрудің оқу және күнделікті әрекеттер үшін маңызды орталық бөлігін ішінара қалпына келтіретін көз имплантын ойлап тапты. New England Journal of Medicine журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, бұл құрылғы жасқа байланысты макулалық дегенерацияның (AMD) асқынған түрімен ауыратын қатысушылардың 81 пайызының көру қабілетін клиникалық тұрғыдан біршама жақсартуға көмектескен.
Географиялық атрофия деп аталатын AMD түрін емдеуге бағытталған бұл технология — жоғалған физикалық қабілеттерді қалпына келтіру мақсатында, соның ішінде миға арналған протездік импланттарды жасауға бағытталған кең ауқымды зерттеулердің бір бөлігі.
«Бұл зерттеу алғаш рет географиялық атрофия салдарынан соқыр болып қалған науқастарда функционалды орталық көруді қалпына келтіруге болатынын дәлелдейді», — деді мақаланың жетекші авторы, Бонн университеттік клиникасының офтальмология кафедрасының меңгерушісі Франк Хольц. «Бұл имплант жасқа байланысты макулалық дегенерацияның соңғы сатысын емдеуде парадигмалық өзгеріс болып саналады».
AMD (жасқа байланысты макулалық дегенерация) — көздің жарық қабылдайтын және оны миға жеткізетін сигналдарға айналдыратын қабаты — торқабықтың зақымдануынан пайда болатын ауру. Бұл ауру орталық көруді, яғни, бізге тура қарап тұрған адамдарды, мәтінді немесе көлікті жүргізу кезінде жолды көруге мүмкіндік беретін көру қабілетін айтарлықтай әлсіретеді. AMD-ның географиялық атрофияға әлем бойынша миллиондаған адам шалдыққан және ол – егде жастағы адамдар арасында қайтымсыз соқырлықтың негізгі себебі.
Жаңа технология арнайы көзілдірікке орнатылған камерадан тұрады. Камера қоршаған ортадағы бейнелерді түсіріп, оларды 2×2 мм өлшемдегі сымсыз торқабық имплантына жібереді. Имплант жарықты электрлік импульстерге айналдырып, оны миға жібереді.
Ғалымдардың айтуынша, имплант орнатылған 32 науқастың 84 пайызы үйде сандар мен сөздерді оқып көрген. Орта есеппен қатысушылар көз тексеру кестесінде 25 әріпке — шамамен бес жолға жақсы нәтижеге жеткен. Бір қатысушы алдыңғы көрсеткішінен 59 әріпке (дерлік 12 жолға) артық оқи алған.
«Көруді қалпына келтіруге бағытталған бұрынғы ешбір әдіс мұншама көп науқаста жақсы нәтиже көрсеткен емес», — деді зерттеудің аға авторы, Питтсбург медицина мектебінің офтальмология кафедрасының меңгерушісі Хосе-Ален Сахель. — «Науқастардың 80 пайыздан астамы әріптер мен сөздерді оқи алды, ал кейбірі тіпті кітаптың тұтас беттерін оқып отыр».
Зерттеуді АҚШ-тағы Science Corporation компаниясы қаржыландырған. Құрылғы Стэнфорд университетінің офтальмология профессоры Дэниел Паланкердің жобасы бойынша жасалды. Компания бұл өнімге АҚШ пен Еуропада клиникалық қолдануға рұқсат алу үшін өтініш берген.
Science Corp құрылғы мен оны орнату процедурасының құнына қатысты нақты баға әзірге белгісіз екенін мәлімдеді. Бұл үкіметпен және басқа тараптармен келіссөздер арқылы шешілетін мәселе болмақ. Компания құрылғыны мүмкіндігінше көп адамға қолжетімді ету үшін әділ әрі қолайлы баға ұсынуды көздеп отыр.
Дереккөз: https://www.ft.com/content/c2e8cb34-7d09-4360-9647-b7cbb09f0a5d
Фото: Ft.com