Әлемдегі ғылым

Күн желін ерте анықтай алатын жасанды интеллект әзірленді

17.09.2025

7

NYU Abu Dhabi (NYUAD) ғалымдары қазіргі әдістерге қарағанда әлдеқайда дәлдікпен Күн желінің жылдамдығын төрт күн бұрын болжай алатын жасанды интеллект (ЖИ) моделін әзірледі. Зерттеу The Astrophysical Journal Supplement Series журналында жарияланды.

Күн желі — Күннен үздіксіз бөлініп шығатын зарядталған бөлшектер ағыны. Бұл бөлшектердің жылдамдығы артқан кезде, олар Жер атмосферасына әсер етіп, «ғарыштық ауа райы» құбылыстарын туғызады: спутниктердің орбитадан шығуына, олардың электрондарының зақымдануына және электр желілерінің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. 2022 жылы күшті Күн желінің әсерінен SpaceX компаниясы 40 Starlink спутнигін жоғалтты. Бұл жақсырақ болжам жасайтын әдіс шұғыл керек екенін көрсетті.

NYUAD зерттеушілер тобы NASA-ның Күн динамикасы обсерваториясынан алынған жоғары сапалы ультракүлгін суреттер мен күн желінің тарихи деректерін пайдаланып жасанды интелектіні оқытты. Қазіргі танымал ЖИ жүйелері мәтінді талдайтын болса, бұл модель Күннің суреттерін зерттеп, Күн желінің өзгерістерін көрсететін заңдылықтарды анықтайды. Соның нәтижесінде болжамның дәлдігі қолданыстағы модельдерге қарағанда 45%-ға, ал бұрынғы ЖИ негізіндегі тәсілдерге қарағанда 20%-ға жоғары көрсеткішке жетті.

«Бұл — қазіргі өмір тәуелді болып отырған спутниктерді, навигациялық жүйелерді және электр инфрақұрылымын қорғаудағы үлкен қадам», — деді зерттеудің жетекші авторы Даттарадж Дхури. — «Озық жасанды интеллектіні Күнді бақылаумен ұштастыру арқылы біз Жер мен ғарыштағы маңызды технологияларға төнетін қауіпті ерте ескертетін құрал жасай аламыз».

Бұл жетістік жасанды интеллектінің ғарыш ғылымындағы ең күрделі мәселелердің бірін — Күн желін болжауды шеше алатынын көрсетті. Сенімдірек болжамдардың арқасында ғалымдар мен инженерлер ғарыштық ауа райына жақсырақ дайындалып, маңызды инфрақұрылымның жұмысын тоқтататын қауіптерге қарсы төзімділікті күшейте алады.

Дереккөз:https://www.sciencedaily.com/releases/2025/09/250916221824.htm
Фото: Istock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар