Әлемдегі ғылым

Тіс жегісін болдырмаудың тиімді тәсілі табылды

11.08.2025

551

Ғалымдар үйеңкіден алынған табиғи зат тіс жегісін тудыратын бактериялардың көбеюіне кедергі келтіретінін анықтады. Әңгіме үйеңкі ағашының сүрегінде және шырынында, сондай-ақ жасыл және қара шайда кездесетін эпикатехин галлат қосылысы жайында болып отыр. Microbiology Spectrum журналында жарияланған зерттеу деректеріне сәйкес, бұл компонент Streptococcus mutans бактериясы ферментінің жұмысын бұзады. Соның салдарынан микробтардың тіс бетіне жабысып, тіс қақтарын түзуі қиындайды.

Бұл байланыс кездейсоқ анықталған: Listeria бактерияларын зерттеу барысында ғалымдар олардың үйеңкі бетінде қақ түзбейтінін байқаған. Бұл үйеңкі полифенолдарын бөліп алып, олардың әсерін S. mutans секілді туыс бактерияларға сынауға себеп болды. S. mutans тіс жегісінің негізгі себептерінің бірі болып саналады.

Жасанды тістер мен тіс эмалінің баламасы болып табылатын гидроксиапатит дискілерінде жүргізілген тәжірибелерде эпикатехин галлат қақтың түзілуін айтарлықтай азайтты. Бұдан бөлек, ол қазірдің өзінде стоматологиялық өнімдерде қолданылып жүрген жасыл шайдан алынған ұқсас затқа қарағанда тиімдірек болып шықты.

Зерттеу авторларының пікірінше, эпикатехин галлатын немесе басқа да жеуге жарамды полифенолдарды ауыз шаюға арналған сұйықтықтар мен тіс пасталарына қосу дәстүрлі құралдарға қауіпсіз балама бола алады, әсіресе кәдімгі шаю сұйықтығын жұтып қоюы мүмкін балалар үшін. Мұндай тәсіл бактерияларды тікелей өлтірмейді, бірақ олардың тістерге жабысып алуына кедергі келтіреді, бұл тіс жегісінің қаупін жанама әсерлерсіз төмендетеді.

Дереккөз: https://lenta.ru/news/2025/08/08/obnaruzhen-effektivnyy-sposob-predotvratit-karies/
Фото: Adobe Stock

«« | »»
Соңғы жаңалықтар