Копенгаген университетінің ғалымдары бала кезде экран алдында көп уақыт өткізу гипертония, жоғары холестерин және инсулинге төзімділік сияқты кардиометаболикалық қауіптердің жоғарылауымен байланысты екенін анықтады. Зерттеу Journal of the American Heart Association (JAHA) журналында жарияланған.
Зерттеушілер мыңнан астам бала мен жасөспірімнің деректерін талдады. Нәтижесінде экран алдында өткізілген әрбір қосымша сағат зат алмасу бұзылыстарының қаупін арттыратыны анықталды, әсіресе бала аз ұйықтап, кеш жататын болса.
«Бұл өзгерістер өте ерте жастан басталады. Күніне алты сағат экран алдында отыратын жасөспірімдерде метаболикалық қауіп деңгейі олардың қатарластарына қарағанда әлдеқайда жоғары екенін байқадық», — деді зерттеу авторларының бірі, доктор Дэвид Хорнер.
Әңгіме тек өмір салтына байланысты болып отырған жоқ. Телефон мен ойын құрылғылары алдында көп отырған балалардың қанында дәл экран алдында ұзақ уақыт болумен байланысты метаболикалық өзгерістер — өзіндік бір «із» анықталған. Ал жасөспірімдерде бұл өзгерістер ересек шақта жүрек-қантамыр ауруларына шалдығу мүмкін екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, ғалымдар нашар ұйқы экран алдында өткізілген уақыттың зиянын күшейтетінін анықтады. Аз ұйықтаған немесе кеш жатқан қатысушылар гаджеттерді бірдей уақыт қолданғанның өзінде олардың көрсеткіштері анағұрлым жағымсыз болған.
Мамандардың айтуынша, қазіргі заманда экранға телміруден толықтай бас тарту мүмкін емес, бірақ, мысалы, экран алдында отыруды таңертеңге қалдырып, кешке демалу сияқты әдеттерді қалыптастыруға болады.
Дереккөз: https://www.gazeta.ru/science/news/2025/08/06/26435240.shtml?updated
Фото: Istock