Назарбаев Университетінің ғалымдары аккумулятор өндірісіне арналған технологияларды әзірлеп жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
Қазір призмалық литий-ионды ұяшықтарды шығаратын пилоттық желі іске қосылған. Бұл жаңа материалдарды зауыттарға енгізбес бұрын сынақтан өткізуге мүмкіндік береді, дейді профессор Жұмабай Бәкенов. Оның сөзінше, қазіргі уақытта Қазақстандағы аккумулятор өндірісі қымбатқа түсіп отыр, себебі жабдық пен шикізат бағасы жоғары, сондай-ақ тәжірибе жетіспейді. Дегенмен, елде бұл салаға қажет ресурстардың мол қоры бар. Ғалымдар аккумулятор өнеркәсібіне керек негізгі компоненттердің таза қосылыстарын алуға арналған технологияны әзірлеуге кірісіп кеткен.
«Біз жергілікті шикізат негізінде жаңа материалдар әзірлеуге баса назар аударып отырмыз. Біздің елімізде никель, марганец, кобальт бар. Жақында табиғи графиттің ірі кен орны табылғаны хабарланды. Қазір бұл – литий батареяларына арналған анодты компонент ретінде аса тапшы материал. Біз осы шикізатты – кенді – дайын өнімге, яғни катодты материалға дейін өңдеу технологияларын жасап шығардық. Кейін оны аккумулятор жинау үшін қолданамыз», — дейді Назарбаев Университетінің профессоры Жұмабай Бәкенов.
Дереккөз: https://24.kz/ru/news/social/723335-akkumulyatornye-tekhnologii-razrabatyvayut-v-kazakhstane
Фото: Jibek Joly