АҚШ-тың Көлік министрі әрі NASA-ның уақытша басшысы Шон Даффи Айға атом электр станциясын (АЭС) салу жұмыстарын жеделдету туралы бастаманы осы аптада жарияламақ, деп хабарлайды Politico.
Жаңа директива NASA-ға өнеркәсіптік компаниялардан 2030 жылға қарай қуаттылығы 100 киловатт болатын ядролық реакторды іске қосуға қатысты ұсыныстар сұратуды міндеттейді. Бұл — астронавттарды Ай бетіне қайта қондыру үшін маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар, Даффи Халықаралық ғарыш станциясының орнын басатын жаңа нысанды жасауға қатысты жұмыстарды да жеделдетуге шақырды. Бұл да NASA-ның басым бағыттарының бірі саналады.
«Бұл екі қадам АҚШ-тың Ай мен Марсты игеру бойынша әрекеттерін жеделдетуге ықпал етуі мүмкін. Айта кетейік, бұл мақсаттарды Қытай да көздеп отыр», — делінген мақалада.
NASA алты ай ішінде кемінде екі компаниямен келісімшарт жасасуды жоспарлап отыр. Агенттік жаңа станцияны 2030 жылға дейін орбитаға шығару ниетінде. Егер бұл мерзім сақталмаса, тұрақты басқарылатын орбиталық станцияға тек Қытай ғана ие болуы мүмкін.
Қазірдің өзінде Axiom Space, Vast және Blue Origin сияқты бірқатар компания өз жобаларын ұсынған. Алайда соңғы айларда конгрессмендер агенттіктің бұл компанияларға қажетті қаржыны тым баяу бөліп жатқанын сынға алды.
Бұл бастамалар бұрынғы Трамп әкімшілігінің ғарыш саласындағы жоспарларымен де үйлесіп отыр. Бұған дейін Ақ үй 2026 жылға арналған бюджетте адам қатысатын ғарыштық миссияларды қаржыландыруды арттыруды, бірақ басқа жобалар, соның ішінде ғылыми миссияларды қаржыландыруды 50%-ға қысқартуды ұсынған болатын.
Дереккөз: https://kaz.inform.kz/news/aksh-2030-zhilga-karay-ayda-yadrolik-reaktor-saludi-zhosparlap-otir-31997a/
Фото: Istock