Әлемдегі ғылым

Жас ғалым электр қуатын қажет етпейтін сорғы құрастырды

06.08.2025

67

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің түлегі, PhD докторы Жеңіс Юсупов ешқандай жанар-жағармай мен электр қуатын қажет етпейтін экологиялық әрі үнемді гидравликалық сорғы құрастырды. Жаңа құрылғы еш шығынсыз ағын суды саябақтарға, демалыс орындарына, үйге, егістіктерге және өндіріс орындарына жеткізе алады. 

Жеңіс Юсупов Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайтын «Ғылым қоры» арқылы 2023-2025 жылдарға арналған грант ұтып алған. Сол арқылы жобаға қажетті жабдықтар алып, зерттеу жүргізіп, конструкторлық сызбасын дайындаған. Қазіргі таңда жобаны өзінің туған жері Сарқан ауданында сынақтан өткізіп, тәжірибе жүзінде іске асырып жатыр.

Ағын судан, арықтан суды көтеріп тарататын жаңа сорғы электр энергиясы мен жанар-жағармай талап етпейді, ылдилықтың айырмасы 1 метр болғанда суды 5-7 метрге дейін көтеріп, өнімділікті сағатына 5-тен 10 м3 дейін жеткізеді.

Жоғарыдан төмен қарай көлбеу құбыр арқылы ағатын су жылдамдығы артып, сыртқа шыққан кезде клапан жабылады. Осылайша қысым күрт көтерілгеннен көбейген су жинағышқа (резервуарға, бакқа) кері клапан арқылы құйылады. Бұл процесс 3-5 секундта қайталанып отырады. Сужинағыштағы судың көлемі көбейген сайын жоғарғы жағындағы ауа көлемі қысылып, түтікше арқылы суды сыртқа ығыстырады. Яғни резеңке немесе пластик түтікше арқылы тұтынушыға үздіксіз беріп тұрады. Судың табиғи ағысын пайдаланатын сорғы тек ағын судың күшімен жұмыс істейді. Сынақ барысында құрылғы суды бірнеше метрге дейін көтере алатынын көрсеткен. Бұл электр қуатына тәуелді болмай-ақ тұрмыстық және шаруашылық қажеттілікті өтеудің тиімді жолы.

Дереккөз: https://7-su.kz/janalyqtar/kuenderek/ekologiyalyq-sorgy-iske-qosyldy-66812/
Фото: Hronika.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар