Ғалымдар қоршаған ортаның пластикпен ластануы бүкіл әлем бойынша адамдардың денсаулығына зиян келтіретінін және жыл сайын 1,5 триллион доллардан астам экономикалық шығын әкелетінін анықтады. Зерттеу The Lancet журналында жарияланды.
Пластиктің адам ағзасына әсері түрлі ауруларға себеп болып, кез келген жаста мезгілсіз өмірден өту қаупін арттырады. Әсіресе, балалар айрықша осал топқа жатады. Зерттеушілер пластик дағдарысы климат дағдарысымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Пластик қазба отыннан өндіріледі, ал оны өндірудің артуы зиянды шығарындылардың көбеюіне себеп болады.
«Пластик пен климат бүгінде он мыңдаған адамның денсаулығына зиян келтіріп отыр, ал жағдай бұдан әрі нашарлай түспек», — деп мәлімдеді Бостон колледжінің өкілі, баяндама авторларының бірі Филип Ландриган.
Ғалымдардың мәліметінше, әлемдегі пластик өндірісі 1950 жылы 2 миллион тонна болса, 2022 жылы 475 миллион тоннаға дейін өскен. Алайда, қалдықтардың 10%-дан азы ғана қайта өңделеді. Зерттеушілер микропластикке ерекше назар аударуға шақырады. Оның бөлшектері тек қоршаған ортада ғана емес, адам ағзасынан да табылып отыр. Дегенмен, микропластиктің денсаулыққа толық әсері әлі түгелдей зерттелмеген.
Дереккөз: https://www.gazeta.ru/science/news/2025/08/04/26417228.shtml
Фото: Adobe Stock