Калифорния университетінің (Дейвис) ғалымдары өсімдіктерге бактериялардан келетін қауіптерді тануға көмектесу үшін жасанды интелектіні қолданды. Бұл қызанақ пен картоп сияқты дақылдарды жойқын аурулардан қорғаудың жаңа тәсілдеріне жол ашуы мүмкін. Зерттеу Nature Plants журналында жарияланды.
Өсімдіктерде де жануарлардағы сияқты иммундық жүйе бар. Олардың қорғаныс құралдарының бірі — бактерияларды анықтап, қарсы тұруға мүмкіндік беретін иммундық рецепторлар. Сондай рецепторлардың бірі FLS2 деп аталады, ол өсімдіктерге флагеллинді (бактериялар қозғалу үшін пайдаланатын ақуызды) тануға көмектеседі. Алайда бактериялар айлакер келеді және танып қоймас үшін үнемі эволюцияланып отырады.
«Бактериялар өсімдіктермен үнемі жарысып жүреді және олар жасырыну үшін флагеллин құрамындағы аминқышқылдарын өзгерте алады», — деді зерттеудің жетекші авторы, Өсімдік патологиясы кафедрасының профессоры Гитта Коакер.
Өсімдіктер бұл жарыста артта қалмауы үшін Коакердің тобы табиғи әртүрлілікті жасанды интеллектпен ұштастырды. Атап айтқанда, ақуыздардың 3D пішінін болжауға арналған AlphaFold құралын пайдаланды. Олар FLS2 рецепторын қайта жобалап, өсімдік көбірек зиянкестерді анықтай алуы үшін иммундық жүйені жаңартты.
Ғылыми топ, тіпті, бағалы ауылшаруашылық дақылдарында кездеспесе де, бактериялардың кең ауқымын тануға қабілетті екені белгілі рецепторларға назар аударды. Оларды тар бағыттағы рецепторлармен салыстыру арқылы зерттеушілер қандай аминқышқылдарын өзгерту керектігін анықтады.
"Біз бұрын патоген жеңген рецепторды" тірілте" алдық және өсімдікке инфекцияға әлдеқайда дәл және тиімді қарсы тұруға мүмкіндік бердік", — деді Коакер.
Коакердің айтуынша, бұл болжамды жобалау тәсілін пайдалана отырып, ауылшаруашылық дақылдарының ауруларға қарсы төзімділігін қалыптастыруға мүмкіндік ашады. Қазір команда болашақта қай иммундық рецепторларды өзгертуге болатынын болжайтын машиналық оқыту құралдарын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ олар өзгерту керек аминқышқылдардың санын барынша қысқартуға тырысуда.
Дереккөз: https://www.sciencedaily.com/releases/2025/07/250730030349.htm
Фото: Gardeningknowhow