Әлемдегі ғылым

Қазақстан мен Ресей ғалымдары ұзақ қызмет ететін литий-ионды конденсатор жасады

31.07.2025

19

Ресейдегі Біріккен ядролық зерттеулер институты (БЯЗИ) мен Қазақстандағы Ядролық физика институтының (ЯФИ) ғалымдары қызмет ету мерзімі рекордтық көрсеткіш – 10 мың циклден асатын литий-ионды конденсатор жасады. Мұны ТАСС агенттігіне ЯФИ нейтрондық физика зертханасының аға ғылыми қызметкері Мейір Ердәулетов айтқан. Зерттеу нәтижелері Molecules журналында (Basel, Switzerland) жарияланды.

Бұл өнертабыс заманауи құрылғылардың энергожүйелерінің жұмысын ұзартуға мүмкіндік бермек. Жаңа конденсатордың компоненттері күріш қауызынан және жаңғақ қабығынан алынған активтелген көмір негізінде жасалды. Жұмыс тиімділігін ондаған жыл бойы төмендетпейтін мұндай конденсаторлар қазіргі электрониканы жетілдіру үшін де, ұзақ қызмет ететін тұрақты қуат көздерін қажет ететін жаңа ғарыштық жүйелерді жасау үшін де сұранысқа ие болуы мүмкін.

«Эксперименттік сынақ нәтижесінде активтелген көмір үлгілері негізінде жасалған литий-ионды конденсатор 10 мыңнан астам цикл бойы жұмыс істеді. Бұл – литий-ионды конденсаторлар үшін өте жоғары көрсеткіш», – деді ғалым. Оның айтуынша, бұл жаңалық күріш қауызынан жасалған қалдықтар негізіндегі конденсаторлар арасында қызмет ету мерзімі бойынша рекорд орнатқан.

Сынақтар агрессивті эксплуатацияны модельдейтін жағдайларда жүргізілген: құрылғының деградациясы бүкіл сынақ циклі аяқталғаннан кейін тек 20% - ға жетті, бұл мұндай технологиялар үшін өте төмен көрсеткіш болып саналады.

Дереккөз: https://tass.ru/nauka/24653329
Көрнекі фото: Mail.ru

«« | »»
Соңғы жаңалықтар