Вакциналарды тіс пен қызыл иек арасындағы кеңістікке жіп арқылы енгізу күшті иммундық реакция тудыра алады. Техас технологиялық университетінің ғалымдары осындай қорытындыға келді. Зерттеу нәтижелері Nature Nanotechnology (Nat Nanotech) журналында жарияланды.
Тышқандарға жүргізілген тәжірибелерде тіс жібі тұмау вирусының ақуыздары бар нанобөлшектермен өңделген. Мұндай енгізу тәсілі лимфа түйіндерін белсендіріп, өкпе, көкбауыр және сүйек кемігіндегі CD4+ Т-жасушаларының санын арттырған. CD4+ Т-жасушалары — иммундық жүйенің негізгі реттеушілері және иммундық жауаптың «үйлестірушілері» болып саналады.
Вакцинаны қызыл иек сайына енгізу антиденелердің түзілуін ынталандырып, вирусқа қарсы тұрақты қорғаныс қалыптастырған. Ғалымдардың айтуынша, мұндай иммундық жауап тіл астына (сублингвальді) енгізуге қарағанда күшті әрі ұзақ мерзімді және назальді вакцинациямен ұқсас деңгейде болған.
Бұл әдіс жасына немесе ағзаның күйіне қарамастан барлық кеміргішке тиімді болып шықты. Сондай-ақ олардың тағам не су қабылдауы да нәтижеге әсер етпеген.
Зерттеушілер бұл әдістің адамдарға да жұмыс істейтінін растады: флуоресцентті белгінің көмегімен олар жіпке жағылған заттар расында қызыл иек сайына жететінін көрсетті. Ғалымдардың айтуынша, мұндай тиімділік пен қолайлылық бұл технологияны жаппай вакцинация үшін пайдалануға мүмкіндік береді.
Дереккөз: https://www.gazeta.ru/science/news/2025/07/23/26337272.shtml?updated
Фото: Shutterstock