Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары фермерлік өнімдерді өңдеуге арналған «Dayar 20» атты мобильді лиофилизациялық қондырғы жасап шығарды. Бұл заманауи құрылғы ауылшаруашылық өнімдерін табиғи қалпында сақтап, олардың сапасын жоғалтпай, ұзақ уақытқа дейін тұтынуға мүмкіндік береді.
Аталған қондырғы, әсіресе, таулы және шалғай аудандардағы шаруашылықтар үшін тиімді шешім. Оның ең басты ерекшелігі – егіс даласына, бау-бақшаға немесе шалғай фермаларға апарып, өнімді сол жерде өңдеуге болады.
«Лиофилизация немесе сублимациялық кептіру – бұл мұздатылған өнімнен суды төмен қысымда буландырып, оның табиғи құрылымы мен пайдалы қасиеттерін сақтап қалатын озық технология. «Dayar 20» қондырғысы арқылы кептірілген өнімдер дәмі, түсі, иісі, пішіні және құрамындағы дәрумендерімен бірге ұзақ уақытқа жарамды болып қала береді», – деді жоба жетекшісі, химия саласындағы PhD Ербол Ихсанов.
Оның сөзінше, қондырғы жеміс-жидектерді, көкөністерді, ет пен сүт өнімдерін, тіпті дайын тағамдар мен балыққа дейін жоғары сапада кептіре алады. Құрғақ өнімдерді арнайы тоңазытқышсыз бөлме температурасында бір жылдан үш жылға дейін, ал арнайы қаптамамен 10-50 жылға дейін сақтауға болады.
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1040241?lang=kk
Фото: Gov.kz