Швейцариялық ғалымдар бұрын тек жер қойнауынан алынған сирек металдарды енді қоқыстан өндіруге болатын жаңа әдіс ойлап тапты. Мамандар бұл пайдалы қазбаларға тәуелділікті азайтатынын айтады.
Жаңа әдістің мәні мынада: қоқысқа тасталған смартфон, теледидар, компьютер сияқты ескі техникадан сирек металдар арнайы ұнтақ арқылы бөлініп алынады. Ғалымдар қалдықтарды қайта өндеудің жаңа әдісі экологиялық қана емес, экономикалық тұрғыдан да ұтымды, дейді.
«Ұзақ уақыт бойы сирек металды қоқысқа тасталған тұрмыстық техниканы өңдеу арқылы алғаннан гөрі жаңа кен қазу ең арзан жол болды. Қазір жағдай өзгеріп келеді. Бұған көбіне геосаяси ахуал ықпал етіп жатыр. Себебі мемлекеттер өзге елдердегі ресурстарға тәуелділікті азайту үшін тың жолдарды іздеуге мәжбүр», – дейді ETH Zurich зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Мари Перрин.
Цюрихтегі технология институтының мәліметі бойынша, бүгінде сирек металдардың 1%-дайы ғана қайта өңдеумен алынады. Себебі оларды бөліп шығару үшін көп энергия мен химиялық реагенттер қажет. Қазір сирек металдардың 85%-ын Қытай өңдейді, бағаны да өздері белгілейді. Бұл Еуропа үшін тиімсіз.
«Әзірге біз мұны тек зертхана жағдайында жасап жүрміз. Болашақта ауқымды өңдеу жұмыстарын жүргізгіміз келеді. Бұл жергілікті өнеркәсіп үшін келесі маңызды кезең болмақ», – дейді Перрин.
Швейцариялық зерттеушілер енді технологияны өндірістік жолға қоюды көздеп отыр. Болашақта кәсіпорындар өз материалдарын өздері қайта өңдей алуы тиіс, дейді мамандар.
Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/lemde/721221-galymdar-kokystan-sirek-metaldar-ondirudi-ojlap-tapty
Фото: Genoxtech.com