Әлемдегі ғылым

Кей жануарлар өсімдіктердің дыбысын ести алады

16.07.2025

12

Жаңа зерттеу нәтижесінде кей жануарлар өсімдіктер шығаратын дыбыстарға реакция білдіре алатыны анықталды. Бұл олардың арасында көзге көрінбейтін экожүйе бар екенін көрсетеді. 

Тель-Авив университетінің ғалымдар тобы қызанақ өсімдіктері күйзелісті білдіретін дыбыстар шығарса, оны күйе көбелектер (моль) естіп, мұндай өсімдіктерге жұмыртқа салудан бас тартатынын анықтаған. Бұл дыбыстар өсімдіктің денсаулығы нашар екенін білдіруі мүмкін.

Екі жыл бұрын ғалымдар тобы өсімдіктер өзін нашар сезінгенде «айқайлайтынын» алғаш рет дәлелдеген еді. Адамның құлағы өсімдіктердің дыбысын естімейді, бірақ оларды көптеген жәндіктер, жарқанаттар және кейбір сүтқоректілер ести алады.

Тель-Авив университетінің профессоры Йоси Йовельдің айтуынша, жануардың өсімдіктер шығаратын дыбыстарға реакция білдіруі алғаш рет тіркеліп отыр. Оның сөзінше, алынған мәліметтер жануарлар мұндай ақпаратты өсімдікті тозаңдандыру керек пе, оны жеу керек пе, әлде паналайтын орын ретінде пайдалану керек пе деген сияқты шешімдер қабылдауда қолдануы мүмкін екенін көрсетеді. 

Көбелектер өсімдіктердің сыртқы түріне емес, дыбысына реакция білдіретініне көз жеткізу үшін зерттеушілер мұқият бақыланатын бірқатар эксперимент жүргізген. Енді олар әртүрлі өсімдіктер шығаратын дыбыстарды зерттеп, сол дыбыстар негізінде жануарлардың басқа түрлері шешім қабылдай ма жоқ па анықтамақ. 

Дереккөз: https://www.bbc.com/news/articles/c8e4860n9rpo
Фото: Bbc.com
«« | »»
Соңғы жаңалықтар