АҚШ-та Пеппер есімді мысық өзінің қожайыны, микробиолог Джон Ледникиге ғылыми жаңалық ашуға екінші рет көмектесті. Үй жануарының арқасында бұрын ғылымға белгісіз болған вирустың жаңа штаммы анықталды.
Бір күні мысық Пеппер үйге өлі жертесерді (кеміргіш) алып келген. Микробиолог Джон Ледники оны зертханаға апарып, бірқатар зерттеулер жүргізген. Алынған нәтижелер ғалымды таңғалдырды: талдау көрсеткендей, жертесер бұрын зерттелмеген ортореовирус штаммын жұқтырған болып шықты. Бұл вирустың ресми атауы — Gainesville shrew mammalian orthoreovirus type 3 strain UF-1.
Белгілі болғандай, ортореовирустар тек сүтқоректілерге ғана емес, адамдарға да жұға алады. Алайда бұл вирустардың адам ағзасына әсері әлі толық зерттелмеген. Ғалымдардың айтуынша, ортореовирустардың басты қаупі – олардың жылдам мутацияға ұшырау қабілетінде, бұл оларды зерттеу аса маңызды екенін көрсетеді. «Біз ортореовирустарды тез анықтауды үйреніп, оларға көбірек назар аударуымыз керек», – дейді Джон Ледники.
Айта кетерлігі, бұл – мысық Пеппердің алғашқы ғылыми жетістігі емес. 2021 жылдың мамырында ол үйге сирек кездесетін джейлонгвирус штаммын жұқтырған дала тышқанын әкелген еді.
Дереккөз: https://peopletalk.ru/article/kot-iz-floridy-pomog-otkryt-novyj-shtamm-virusa/
Фото: Gizmodo.com