Джон Гопкинс университетінің ғалымдары жасанды интеллект арқылы басқарылатын робот-хирург құрастырды. Бұл машина алғаш рет дәрігердің көмегінсіз және дене мүшелері мен тіндерге арнайы белгілер қойылмастан, өт қабына күрделі операцияны қателіксіз жасап шықты.
Университет доценті Аксель Кригер мен өзге де ғалымдар бірнеше жыл бойы хирургтарға операция жасауға көмектесетін немесе бұл процестің кейбір элементтерін өз бетінше орындай алатын роботтандырылған жүйелерді жасап келеді. Атап айтқанда, 2022 жылы оның ғылыми тобы STAR атты роботты жасап шығарды. Бұл құрылғы дәрігерлерден аздаған нұсқаулар алып, дене тіндеріне қойылған арнайы белгілердің көмегімен тәжірибелік шошқаның ішегіне әлемдегі алғашқы операцияны сәтті жасаған еді.
Осы міндетті роботтың сәтті орындауы Кригер мен оның әріптестерін адам әрекеттерін бақылау арқылы операция жасауды үйрене алатын және оны ешқандай адамның көмегінсіз орындай алатын жетілдірілген жаңа робот-хирургты жасауға шабыттандырды. Бұл мақсатта ғалымдар екі трансформер-нейрожеліден тұратын жасанды интеллект жасады: олардың бірі эндоскоптан түсірілген суреттерді талдап, жалпы нұсқаулар береді, ал екіншісі сол нұсқауларды роботқа берілетін нақты командаларға айналдырады.
Бұл нейрожелілерді үйрету үшін Кригер және басқа да ғалымдар 34 демонстрациялық операция өткізді. Ол кезде кәсіби хирург өт қабын алып тастау (холецистэктомия) процедурасын орындады. Барлығы 17 сағаттан астам бейнежазба жиналып, арнайы түрде белгіленіп, жасанды интеллектіні оқытуға пайдаланылды. Үйрету процесінен кейін ЖИ осыған ұқсас сегіз операцияны тәжірибелік шошқаларға өзі жүргізді.
Зерттеушілердің айтуынша, барлық жағдайда робот-хирург холецистэктомия жасауға қажетті 17 кезеңнің бәрін дұрыс орындап, тапсырманы сәтті атқарған. Мұны ол әртүрлі жануарлардың анатомиялық ерекшеліктеріне қарамастан істеген. Кригер мен оның әріптестері бұл жетістікті толық автономды робот-хирургтарды жасап шығару жолындағы үлкен қадам деп есептейді.
Дереккөз: https://nauka.tass.ru/nauka/24475505
Фото: Independent.co.uk