Қазақстан ғылымы

Ғасырлар бойғы көзқарас: Шығыс Қазақстанның көне жазбаларын цифрлық тұрғыдан қайта жаңғырту

18.02.2025

137



Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары охра негізінде минералды бояулармен салынған суреттерімен Шығыс Қазақстандағы жартас өнерінің көне қабатын зерттеп жатыр. 

Бұл кескіндер өте осал және табиғи жағынан бүлінуге бейім болып тұр. Бүгінгі таңда көптеген суреттерді қарапайым көзбен тану мүмкін емес. 
Жоба барысында үңгір суреттерін бекіту және цифрлық тұрғыдан қалпына келтіру үшін қол жетімді заманауи технологиялардың (спектроскопия, лазерлік сканерлеу, фотограмметрия, РФА) барлық түрін қолдану көзделуде.  

Бұл заманауи әдістер алғаш рет бірнеше мыңжылдықтар бойы көрінбейтін тұрған сызбаларды анықтауға және зерттеуге мүмкіндік бермек. 
Сандық ортада өнер туындыларының түпнұсқасын қайта жасау қазіргі уақытта көркем мұраны зерттеу және сақтаудың негізгі тәсіліне айналуда. 
Ежелгі жазбалардағы түсі оңып кеткен түпнұсқаның үстіне бояу жағу арқылы оны қалпына келтіру қазіргі таңда қолайсыз әдіс болып табылады. Бояулардың бастапқы түсін цифрлық тұрғыда қайта жасау олардың физикалық-химиялық зерттеуі арқылы жүзеге асырылатын болады.  

Нәтижесінде, түпнұсқаларға ешқандай зиян келтірместен, сандық ортада ежелгі кескіндеменің бастапқы түрін барынша қалпына келтіруге мүмкіндік беретін көшірмелер жасалады. 

Жобаның басты мақсаты – пәнаралық зерттеулер негізінде Шығыс Қазақстанның көне жазбаларын цифрлық тұрғыда қалпына келтіру. 
Жоба барысында құрылған ақпараттық жүйе веб-браузер арқылы үш өлшемді модельдер мен растрлық кескіндерді қарауға және талдауға мүмкіндік береді. Осылайша, қалпына келтірілген цифрлық көшірмелер әлемдегі байырғы өнерді зерттеушілерге қол жетімді болады және ұрпақтарға жойылып бара жатқан шедеврлерді сақтауға мүмкіндік береді. 

Суреттері бар гроттардың цифрлық реконструкциялары Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Алтын Алтай мұражайының экспозицияларына енгізілетін болады. 

Нашар сақталған үңгір суреттерін визуализациялаудың әзірленген әдістемесі Қазақстан мен жалпы Орталық Азияның басқа аудандарында монохромды және полихромды жазбаларды құжаттау үшін жаңа мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.

Жоба барысында құрылған Шығыс Қазақстанның ежелгі жазбалары бойынша Виртуалды турлар мәдени мұраны насихаттауға және өңірде танымдық туризмді дамытуға қызмет етпек.  
 

«« | »»
Соңғы жаңалықтар