Әлемдегі ғылым

Жаңа туылған нәрестелердің миынан гендерлік айырмашылықтар анықталды

14.01.2025

171



Кембридж университетінің аутизмді зерттеу орталығында жүргізілген зерттеу Жаңа туған нәрестелердің миында туа біткен жыныстық айырмашылықтарды анықтады: ұлдардың миының жалпы көлемі көбірек және ақ заттар көп, ал қыздарда сұр заттар көп. Бұл пренатальды даму кезіндегі биологиялық әсерлерге байланысты болуы мүмкін. Ғалымдар ми құрылымындағы гендерлік айырмашылықтар туылғаннан бері болады деген қорытындыға келген. 

Орташа алғанда, ұлдардың миының жалпы көлемі қыздарға қарағанда көбірек. Алайда, мидың жалпы мөлшерін ескерсек, қыздарда сұр заттың көбірек, ал ұлдарда ақ заттың көбірек болатынын айта кету керек.  
  
Сұр зат сезімге, қабылдауға, оқуға, сөйлеуге және танымға қатысты ақпаратты өңдеу мен түсіндіруде шешуші рөл атқаратын нейрондық жасушалар мен дендриттердің денелерінен тұрады. Керісінше, ақ зат аксондардан, яғни мидың әртүрлі аймақтарындағы нейрондарды байланыстыратын ұзын жүйке талшықтарынан тұрады, олар бүкіл миды байланыстырады.  

Зерттеуге жетекшілік еткен аутизмді зерттеу орталығының аспиранты Юмна Хан: «Біздің зерттеуіміз ерлер мен әйелдердің миы туылған кезде әртүрлі бола ма деген сұраққа жауап беретін болады. Біз үлкен балалар мен ересектердің миында айырмашылықтар бар екенін білеміз, бірақ біздің ғылыми зерттеулеріміздің нәтижелері олардың туа салған кезінен-ақ айырмашылықтарының бар екенін көрсетеді», дейді. 

Осы саладағы алдыңғы зерттеулерді мазалаған мәселелердің бірі үлгі өлшемі еді. Бұл мәселені Кембридж командасы developing Human Connectome жобасы аясында жаңа туған нәрестелерге мидың МРТ сканерлеуін жасап, деректерін талдау арқылы шешті. 500-ден астам жаңа туған нәрестенің зерттеуден өтуі жыныстық айырмашылықтарды анықтау үшін статистикалық тұрғыдан өте қолайлы екенін білдіреді.  

Аутизмді зерттеу орталығы директорының орынбасары Доктор Кэрри Эллисон мамандар анықтаған айырмашылықтардың барлық еркектерге немесе барлық әйелдерге қатысты емес екенін, тек ерлер мен әйелдер топтарын салыстыру кезінде көрінетінін айтады. Әр топтың ішінде көптеген айырмашылықтар бар және олардың арасында көптеген сәйкестіктер де жоқ емес дейді ол.  

«Бұл айырмашылықтар ерлер мен әйелдердің миы жақсы немесе нашар дегенді білдірмейді. Бұл нейроәртүрліліктің бір ғана мысалы. Бұл зерттеу кейінірек аутизм диагнозы қойылған балалардағы ми сияқты нейроәртүрліліктің басқа түрлерін түсіну үшін пайдалы болуы мүмкін, өйткені бұл көбінесе ерлерде жиі кездеседі», дейді Аутизмді зерттеу орталығының директоры, профессор Саймон Барон-Коэн.  

https://scitechdaily.com/born-different-cambridge-scientists-uncover-innate-sex-differences-in-brains/   


«« | »»
Соңғы жаңалықтар