Әлемдегі ғылым

Шығыс Қазақстанның кенді аймақтарының келешектегі әлеуеті зерттелуде

18.01.2024

582



Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары Шығыс Қазақстан облысының минералдық-шикізаттық базасын нығайту және дамыту мақсатында сирек металдар минералдануының дәстүрлі емес жаңа түрлерінің (Ta, Nb, Be, Li, Sn, W және т.б.) түзілу заңдылықтарын және кеңістікте таралу заңдылықтарын зерттейді, болжау және іздеу критерийлерін әзірлейді және қосымша қор ретінде келешегін бағалайды. 

Ғалымдар жобаны жүзеге асыру барысында өткен жылдардағы геологиялық материалдар мен ғылыми зерттеулердің жаңа нәтижелеріне жүйелі талдау жасады. ГАЖ технологияларын, жоғары дәлдіктегі зерттеу әдістері кешені (индуктивті байланысқан плазма ICP-MS масс-спектроскопиялық зерттеулер, сканерлеуші микроскопия, рентгендік спектрлік және рентгендік құрылымдық талдау) қолданып, далалық зерттеулер, геологиялық және тектоникалық модельдеу жүргізді.  

Жобаны жүзеге асыру барысында «Востказнедра» аймақаралық департаменті қорларындағы (Ново-Ахмировский, Қараөзек, Апогранитный, Точка, Алдай, Шийкөл, Чердояк, Юбилейный Октябрь объектілері) сирек металдардың дәстүрлі емес түрлері бойынша геологиялық ақпарат жинақталды. 
Далалық экспедициялық жұмыстар үшін таңдалған перспективалық учаскелер бойынша шолу диаграммалары мен кірістіру карталары құрастырылды. Кунуш кешенінің кішігірім интрузиялар мен дайкаларында орналасқан қалайы-тантал-литий минералданған альбитит-грейзен метасоматиттерімен және грейзен-кварцтық штокверктермен (Sn, W) ұсынылған экстра-пегматитті типтегі сирек металдардың дәстүрлі емес көздерін болжау және іздеу үшін геотектоникалық, геологиялық-құрылымдық және минералогиялық-геохимиялық критерийлер әзірленді. Зерттелетін сирек металл объектілерінің келешегі бағаланып, одан әрі геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге бағытталған ғылыми-практикалық ұсыныстар қалыптастырылды. 

Кен орындары мен кен денелерінің морфоқұрылымдық ерекшеліктерін зерделеу кезінде 3D ортомозаикалық моделін құру, бақылау нүктелерін байланыстыру және жасырын тамырлардың шығу орындарын анықтау үшін UAV (DJI Mavic дрон) пайдаланылды. Бұл кен орындарының рельефтік ерекшеліктерін және олардағы кен денелерінің орнын нақтылауға мүмкіндік берді. 

Зертханалық зерттеулер Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ «VERITAS» жетілдіру орталығында жүргізілді. 

Жиналған материалдарды жүйелі талдау және зертханалық зерттеулер нәтижесінде қалыптасудың геологиялық жағдайлары нақтыланды және геологиялық-құрылымдық, кен-петрологиялық және минералогиялық-геохимиялық факторлар мен сирек металдардың минералданудың дәстүрлі емес түрлерінің келешегін болжау және бағалау критерийлері анықталды. Алынған нәтижелерді өндіріске енгізу үшін ғылыми-практикалық ұсыныстар әзірленді. 

«« | »»
Соңғы жаңалықтар